III ТМД елдері ойындары: Қазақстан жүзуден 19 медаль иеленді

Әзірбайжанның Гянджа қаласында жүзуден III ТМД елдері ойындарының соңғы жүлделері сарапқа салынды, деп хабарлайды malimsports.kz Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біздің команданың спортшылары 4 дисциплинада сынға түсіп, соның ішінде 2 күміс, 1 қола медаль иеленген. Жүлдегерлер қатарында:
Тайисия Короткова (кешенді жүзу, 400 м) - күміс
Қазақстан ұлдар құрамасы (кешенді жүзу, 4х100 м) - күміс
Қазақстан құрамасы, микст (кешенді жүзу, 4х100 м) - қола медаль.
Гянджа қаласында жүзуден 5 күнге созылған жарыста Қазақстан құрамасы барлығы 9 күміс және 10 қола жүлде жеңіп алды.
Айта кетейік, команда сапындағы көшбасшының бірі Тайисия Короткова жоғары даярлығын көрсетіп, жекелей және командалық сынды қосқанда 9 жүлдеге қол жеткізді.
Кешенді жарыс Әзірбайжанның Гянджа, Евлах, Мингячевир, Габала, Шеки, Гейгёль мен Ханкенді сынды 7 қаласында қатар өтіп жатыр. Биыл додаға 13 елден барлығы 1600-ден астам спортшы жиналды. Олар 23 дисциплинада өзара жүлдеге таласып жатыр. III ТМД елдері ойындары 8 қазанда мәресіне жетеді.
Қазір Қазақстан 2 алтын, 13 күміс және 24 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 5-орында тұр.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы


Ең көп оқылған
