Головкин ұлттық семсерлесу федерациясының өкілдерін марапаттады
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин ұлттық семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Әбуов және ұйымның бас хатшысы Дмитрий Грязновпен кездесті, деп жазады malimsports.kz.
ҰОК мәліметінше, кездесу барысында елімізде семсерлесу спортын дамыту мәселесі талқыланды. Тараптар федерацияның қазіргі жұмыс барысын атап өтіп, оң өзгерістер байқалып отырғанын айтты.
Мирбулат Әбуовтың айтуынша, соңғы жылдары семсерлесуге қызығушылық артқан. Жас әрі дарынды спортшылар қатары көбейіп, ішкі бәсекелестік күшейген. Бұл өз кезегінде ұлттық құраманың нәтижесін жақсартуға ықпал етуде.
Федерация басшысы елордада алғаш рет шетелдік спортшылардың қатысуымен өткен «Мықтылар турнирі» туралы да баяндады.
Сонымен қатар тараптар 2027 жылы Астанада өтетін Азия чемпионатының ұйымдастырылу барысын талқылады. Бұл турнир Олимпиада алдындағы маңызды кезең әрі 2028 жылғы ойындарға іріктеу ретінде өткізіледі.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті еліміздегі спорт пен олимпиадалық қозғалыстың дамуына қосқан үлесі үшін федерация өкілдерін марапаттады.
Мирбулат Әбуов Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің орденімен марапатталды. Ал Дмитрий Грязнов «Қазақстан Республикасы олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» ІІ дәрежелі құрмет белгісіне ие болды.
ҰОК басшысы соңғы жылдары қазақстандық семсерлесушілердің нәтижесі айтарлықтай жақсарғанын айтты.
2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан тарихта тұңғыш рет командалық сайыста жүлдеге қол жеткізсе, 2023 жылы Руслан Курбанов жекелей сайыста ел қоржынына алғашқы қола медальді салды.
"Семсерлесу - елімізде тамыры терең, тарихы бай спорт түрі. Біздің спортшылар халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғап, Азияның алдыңғы қатарлы командаларының бірі атанды. Бұл аймақта Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдың олимпиада чемпиондары мен әлем біріншілігінің жүлдегерлері бақ сынайды.
Қазақстандық семсерлесудің жоғары деңгейін әлем чемпионаттарындағы тарихи медальдар мен Париж Олимпиадасындағы табысты нәтиже айқын көрсетіп отыр", - деді Геннадий Головкин.
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған