АҚШ-тың Флорида штатында аты аңызға айналған гольфшы Тайгер Вудс жол-көлік оқиғасынан кейін полиция тарапынан ұсталды, деп хабарлайды The Guardian.
Оқиға 27 наурыз күні гольфшының Джупитер аралындағы үйінің маңында болған. Вудс Land Rover көлігімен тар екі жолақты жолда жүк көлігін басып озбақ болған кезде апатқа ұшыраған. Оның көлігі тіркемеге соғылып, жолдан шығып кетіп, аударылған. Спортшы көліктен жолаушылар есігі арқылы шығып үлгерген.
Мартин округінің шериф кеңсесі мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі аулаға бұрылуға дайындалып жатқан. Сол сәтте Вудс жылдамдық шектеуі 48 км/сағ болатын жолда өте жоғары жылдамдықпен жүрген. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері гольфшыны мас күйде болуы мүмкін деп күдіктенген. Алайда алкогольге жүргізілген тест теріс нәтиже көрсеткен.
Соған қарамастан, Тайгер Вудс дәрі-дәрмек немесе есірткі қолданғанын анықтайтын тексеруден өтуден бас тартқан. Осыған байланысты оған мас күйде көлік жүргізу, мүлікке зиян келтіру және заңды тексеруден бас тарту бойынша айып тағылды.
Флорида штатының заңнамасына сәйкес, ол 8 сағат қамауда болып, кейін кепілмен босатылған.
Фото: instagram.com/tigerwoods