457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Германия құрамасының бас бапкері Юлиан Нагельсман қызметінен кетті

Германия футбол одағы Юлиан Нагельсманның қызметінен кеткенін ресми растады

Германия футбол одағы Германия ұлттық құрамасының бас бапкері Юлиан Нагельсманның қызметінен кеткенін және оның орнына Юрген Клопппен келіссөздер басталғанын ресми мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz

Мұндай шешім Германия құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Парагвайдан пенальти сериясында жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалуынан кейін қабылданды. Кездесудің негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталса, пенальтиде Парагвай құрамасы 4:3 есебімен басым түсті.

Нагельсманмен бірге оның көмекшілері Беньямин Глюк пен Беньямин Хюбнер де ұлттық құрамадан кетеді. Сондай-ақ спорт директоры Андреас Реттиг жеке себептерге байланысты жыл соңында аяқталатын келісімшартын ұзартпайтынын хабарлады.

Германия футбол одағының президенті Бернд Нойендорф Юлиан Нагельсманға атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, оның кәсібилігі мен жауапкершілігін жоғары бағалады. Өз кезегінде Нагельсман жанкүйерлердің үмітін ақтай алмағанына өкініш білдіріп, ұлттық құрамаға жаңа серпін қажет екенін айтты.

Германия футбол одағы енді Англияның «Ливерпуль» және Германияның «Боруссия Дортмунд» клубтарын жаттықтырған Юрген Клопппен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр. Ұйымның мәліметінше, тәжірибелі маман бұл қызметті атқаруға дайын екенін білдірген.

Айта кетейік, Германия құрамасы әлем чемпионаттары тарихында алғаш рет пенальти сериясында жеңіліс тапты. Сонымен қатар бұл команда үшін 2014 жылғы әлем чемпионы атанғаннан кейінгі үшінші қатарынан сәтсіз әлем біріншілігі болды. 2018 және 2022 жылдары немістер топтық кезеңнен өте алмаса, 2026 жылы плей-оффтың алғашқы сатысында жарысты аяқтады.

38 жастағы Юлиан Нагельсман Германия құрамасын 2023 жылдың қыркүйегінен бері жаттықтырды. Оның жетекшілігімен команда 2024 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, Ұлттар лигасының жартылай финалында өнер көрсетті. Бұған дейін ол «Хоффенхайм», «Лейпциг» және «Бавария» клубтарының бас бапкері болған.

Фото: Getty Images