«Формула-1» тарихында жаңа тарихи рекорд тіркелді
Италиялық жас талант, Mercedes командасының ұшқышы Андреа Кими Антонелли Жапонияның Сузука автодромында өткен Гран-при кезеңінде топ жарып, небәрі 19 жасында «Формула-1» чемпионатының ең жас көшбасшысы атанды, деп жазады malimsports.kz.
Жарыс жолында өз шеберлігін айқын танытқан Антонелли биылғы маусымдағы екінші жеңісіне қатарынан қол жеткізді. Күміс жүлде Оскар Пиастриге (McLaren), ал үшінші орын Шарль Леклерге (Ferrari) бұйырды.
Төртінші болып мәре сызығын Джордж Расселл кессе, қазіргі чемпион Ландо Норрис бесінші орынды қанағат тұтты. Ал тәжірибелі Льюис Хэмилтон алтыншы нәтиже көрсетті.
Алайда жарыс барысында бәрі бірдей мәреге жете алған жоқ. Aston Martin командасының өкілі Лэнс Стролл техникадағы ақауға байланысты жарысты аяқтай алмады. Ал Haas пилоты Оливер Берман жоғары жылдамдықпен қоршауға соғылып, апатқа ұшырады. Дегенмен, ол ауыр жарақаттан аман қалып, тек тізесінен жеңіл жарақаттанды.
Осы апаттан кейін қауіпсіздік көлігінің шығуы Антонеллиге тиімді сәт сыйлап, ол дер кезінде пит-стопқа кіріп, көшбасшылықты сақтап қалды. Үш кезең қорытындысы бойынша конструкторлар кубогында «Мерседес» (135 ұпай) алға шықса, «Феррари» (90 ұпай) екінші, «Макларен» (46 ұпай) үшінші орында келеді.
Жеке есепте Андреа Кими Антонелли 72 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейін Джордж Расселл (63 ұпай) мен Шарль Леклер (49 ұпай) орналасқан.
Келесі «Формула-1» кезеңі 3 мамыр күні АҚШ-тың Майами қаласында өтеді. Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сәуір айына жоспарланған Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы жарыстар кейінге шегерілді.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған