Финляндия құрамасы тарихында бесінші рет хоккейден әлем чемпионы атанды
Финляндия құрамасы Швейцарияда өткен хоккейден әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, өз тарихында бесінші рет алтын медаль иеленді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Цюрихте өткен финалдық кездесуде фин хоккейшілері Швейцария құрамасын овертаймда 1:0 есебімен жеңді. Осылайша Финляндия құрамасы әлем чемпионатының алтын жүлдесін бесінші мәрте жеңіп алды.
Айта кетейік, қола жүлдені Норвегия құрамасы еншіледі. Норвегиялықтар үшінші орын үшін өткен матчта Канаданы овертаймда 3:2 есебімен ұтып, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
Финляндия бұған дейін әлем чемпионатында төрт рет топ жарған болатын. Соңғы рет олар 2022 жылы чемпион атанған. Одан кейінгі жылдары финдер ширек финалдан аса алмаған еді. Биылғы турнирдің топтық кезеңінде Финляндия құрамасы дәл осы Швейцариядан 2:4 есебімен жеңілген болатын.
Ал Швейцария құрамасы қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының финалында өнер көрсетті. 2024 жылы олар шешуші кездесуде Чехиядан 0:2 есебімен жеңілсе, 2025 жылы АҚШ құрамасына овертаймнан кейін 0:1 есебімен жол берген еді. Биыл да швейцариялықтар алтын медальға бір қадам жетпей тоқтады.
Осылайша Финляндия құрамасы әлемдік хоккейдегі мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, жанкүйерлерін кезекті чемпиондық атақпен қуантты.
Фото: Global Look Press
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған