Мәзір
Жаңалықтар

Фаина Мейрманова Сурдлимпиада рекордын орнатып, чемпион атанды

Сабина Асқарқызы 142 қаралым
Фаина Мейрманова Сурдлимпиада рекордын орнатып, чемпион атанды

Бүгін Сурдлимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан ұлттық құрама спортшылары ұзындыққа және биіктікке секіруден, сондай-ақ түрлі дистанцияға жүгіруден сынға түсуде, деп хабарлайды malimsports.kz.

Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының мәліметінше, қазақстандық Фаина Мейрманова биіктікке секіруден 1.79 м нәтижесін көрсетіп, Сурдлимпиада ойындарының рекордын жаңартып, чемпион атанды. Күміс жүлдені 1.76 м нәтижесімен бейтарап спортшы Анна Суравец иеленсе, қола медаль 1.67 м нәтижесін көрсеткен словакиялық Лейа Глонарикке бұйырды.

Фаина Мейрманова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2024 жылы Тайбэйде (Тайвань) өткен әлем чемпионатында биіктікке секіруден 176 см нәтижесін көрсетіп, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлемдік рекордты жаңартқан. Сондай-ақ 2024 жылғы Азия–Тынық мұхиты ойындарында ұзындыққа секіруден чемпион атанды. Фаинаның жасы – 19-да, ол Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Спортпен шамамен жеті жыл айналысады.

Еске салсақ, Сурдлимпиада ойындарының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық дзюдошылар ел қоржынына төрт медаль салған болатын: екі алтын және екі қола.

 

 

Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар