Еуропаның үш дүркін чемпионы атанған биатлоншы көз жұмды
Норвегияның атақты биатлоншысы, Еуропаның үш дүркін чемпионы Сиверт Баккен 27 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Норвегия биатлон қауымдастығының бас хатшысының міндетін атқарушы Эмили Нордскар NRK арнасына хабарлады, деп жазады malimsports.kz.
Спортшының қазасына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Нордскардың айтуынша, ең алдымен Сиверт Баккеннің отбасы мен жақындарына қолдау көрсету маңызды. Қазіргі уақытта Норвегия биатлон қауымдастығы Италия билік органдарымен байланыста болып, оқиға орнында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ спортшының командадағы әріптестеріне осы қиын кезеңде сабыр сақтауға шақыру жасалған.
Сиверт Баккен Италияның Лавазе қаласындағы қонақүй нөмірінен өлі күйінде табылған. Ол сол кезде жарыстарға байланысты Италияда жүрген. Бұл қайғылы хабар спорт әлемін, әсіресе биатлон жанкүйерлерін қатты күйзелтті.
Баккен – биатлоннан Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы және Еуропа чемпионатының үш мәрте чемпионы. Ол 2016 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысып, екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алған. Соңғы рет 21 желтоқсанда Францияда өткен Әлем кубогының масс-старт жарысында өнер көрсетіп, 20-орынға тұрақтаған еді.
Фото: Getty Images
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған