Есбол Сұлтанов таеквондодан Азия ойындарына қатысатын алдын ала құрамды атады
Қазақстан таеквондо құрамасы 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына дайындықты бастады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында алдын ала жасақталған құрам, спортшыларды іріктеу, дайындық жоспары және алдағы жарысқа қойылған мақсаттар туралы айтты.
Бас бапкердің айтуынша, Азия ойындарына қатысатын құрамның бір бөлігі анықталған. Қазіргі таңда ерлер арасында 58 келіде Тамерлан Тілеулес, 80 келіде Батырхан Төлеуғали және аса ауыр салмақта Бейбарыс Қаблан ел намысын қорғайды. Әйелдер құрамасында 57 келіде Тоғжан Қазнабек пен аса ауыр салмақта Назым Махмұтова бақ сынайды. Қалған салмақ дәрежелеріндегі спортшылар кейінірек белгілі болады.
Құрамды жасақтау кезінде биылғы халықаралық турнирлердің, Азия чемпионатының және ең алдымен Қазақстан чемпионатының нәтижелері негізге алынды. Осы жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ұлттық құрама сапына енді, деді бас бапкер.
Бас бапкер Азия ойындарында бірнеше салмақ дәрежесінде жүлдеге таласуды мақсат етіп отырғандарын айтты. Оның пікірінше, бұл міндет оңай болмайды, дегенмен команда бар күшін салуға дайын.
Сонымен қатар Есбол Сұлтанов Азиядағы бәсекелестік өте жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасының басты қарсыластары қатарында Оңтүстік Корея, Қытай, Иордания, Иран, Таиланд және Өзбекстан құрамалары бар.
Сондай-ақ ол биыл Астанада өткен халықаралық турнирлердің деңгейіне де жоғары баға берді. Бас бапкердің айтуынша, жарысқа әлем және Олимпиада чемпиондары қатысып, қазақстандық спортшылар маңызды рейтингтік ұпайлар жинады. Алайда бұл турнирлер Азия ойындарына негізгі іріктеу кезеңі болмаған.
Азия ойындарына дейін ұлттық құраманы бірнеше оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр. Жалпы дене дайындығына арналған алғашқы кезең аяқталған. Алдағы уақытта команда Түркияда бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Кейін Алматыда екі кезеңдік дайындық ұйымдастырылып, жарыс алдындағы соңғы жаттығу жиыны Жапонияда өтеді. Бұл спортшылардың жарыс өтетін елдің жағдайына бейімделуіне мүмкіндік береді.
Есбол Сұлтанов қазіргі дайындық деңгейіне толық көңілі толмайтынын да жасырмады. Жаттығу жұмыстары енді басталғандықтан, атқарылатын жұмыс әлі көп. Соған қарамастан, уақыт жеткілікті және жүйелі дайындықтың нәтижесінде команда жоғары көрсеткішке қол жеткізе алады деген сенімде.
Фото: ҰОК
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған