Еркінбек Байтөреев Зальцбургтегі турнирдің қола жүлдегері атанды

Аустрияның Зальцбург қаласында А сериясындағы жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан құрамасы қоржынына алғашқы жүлдені кумите бағдарламасында 67 кг дейінгі салмақта Еркінбек Байтөреев салды. Ол 3-орын үшін жекпе-жекте Кипр спортшысы Лоизидес Панайотистен басым түсті.
Ұлттық құрама спортшысы топтық кезеңде мына каратэшілерді жеңді. Оның ішінде Джед Томпсон (Англия), Руфини Самуэле (Италия), Диего Нунес Рибейро (Португалия), Александр Гуиран (Франция) сынды саңлақтар бар.
Ал ширек финалда Дзюда Доминиктен (Польша) басым түсіп, жартылай финалда Гусейн Мамедлиге (Әзірбайжан) 7-8 есебімен жол берді.
Еркінбек - биыл көктемде Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған.
Зальцбургте бүгін соңғы жарыс күні өтіп жатыр. Ұлттық құрама сапында ката және кумите бағдарламасында барлығы 18 спортшы аттанған еді.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ең көп оқылған
