Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ақтау қаласына барған жұмыс сапарында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен бірге «Каспий» баскетбол клубының ойыншыларымен кездесті, деп хабарлайды malimsports.kz.
2008 жылы құрылған «Каспий» баскетбол клубы бүгінде өңірдегі жетекші спорт ұжымдарының біріне айналды. Клубтың ерлер және әйелдер командалары Ұлттық лигада табысты өнер көрсетіп, Қазақстан кубогінде облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Биыл ерлер командасы Қазақстан кубогінде жеңімпаз атанып, өңір тарихындағы алғашқы ірі жетістікке қол жеткізді. Қазіргі таңда клубтың 10-нан астам ойыншысы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
Кәсіби командалармен қатар клуб спорттық резервті де белсенді түрде дамытып келеді. Мәселен, команданың U14 және U21 жас ерекшеліктеріндегі құрамалары ел чемпионаттарына қатысады. Сондай-ақ 100-ден астам бала әуесқой баскетболмен тұрақты түрде айналысады. Жыл сайын өңірде 800-ден астам жас спортшы қатысатын Жастар баскетбол лигасы және Әуесқойлар лигасы секілді ірі турнирлер өткізіледі.
Бүгінде өңірде 931 спорт нысаны жұмыс істейді. Былтыр облыста 65 жаңа алаң мен кешен пайдалануға берілді. Сондай-ақ жаңа спорт залдары мен мамандандырылған спорт ғимараттарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Министр «Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі» жанынан ашылған заманауи «Халық Арена» кешенін аралап көрді. Кешен базасында дзюдо, бокс, таеквондо, еркін және грек-рим күресіне арналған залдар, бассейн, жаттығу бөлмелері, ашық алаңдар мен 90 орындық қонақ үй орналасқан. Мұнда 300-ден астам бала, соның ішінде ұлттық құрама мүшелері, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері жаттығады.
Ербол Мырзабосынов Маңғыстау облысының бұқаралық және кәсіби спортты дамытуда айтарлықтай жетістікке жетіп отырғанын, сондай-ақ жасалып жатқан жағдайлар халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға жол ашатынын ерекше атап өтті.
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі