Эр-Риядта VI Ислам ынтымақтастығы ойындары басталды
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында VI Ислам ынтымақтастығы ойындары салтанатты түрде басталды. Ашылу рәсімі Король Абдулазиз атындағы спорттық ашық алаңда өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан делегациясының ту ұстаушылары – дзюдо бойынша Қазақстан чемпионы, Азия кубогының жеңімпазы Аруна Жангелдина және ауыр атлетикадан Әлем және Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы болды.
Аруна Жангельдина 1999 жылы Ақтөбе қаласында туған. Ол дзюдо бойынша Қазақстан Республикасының спорт шебері, -78 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Спортшы 2022 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылы Азия кубогының жеңімпазы, сондай-ақ төрт дүркін Қазақстан чемпионы (2021, 2022, 2023, 2024).
Нұрғиса Әділетұлы 2000 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Ол ауыр атлетикадан -96 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды. Спортшы 2022 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2023 жылы Азия чемпионы, 2024 жылы Бахрейнде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атанған.
Айта кетейік, биылғы ойындарға 57 елден 3000-нан астам спортшы қатысуда. Қазақстан құрамасынан 15 спорт түрінен 98 спортшы бақ сынайды.
VI Ислам ынтымақтастығы ойындары 7-21 қараша аралығында Эр-Риядта өтеді.
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
Темірлан Анарбеков футбол рейтингінде бірінші сатыға тұрақтады
Ең көп оқылған