Элизабет Тұрсынбаева: «Спорт мінезді қалыптастырады»
Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева Ақтау қаласында жас спортшыларға арналған 10 күндік шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Атақты спортшы сұхбат барысында бапкерлік қызметі, кәсіби спорттың қиындығы, Қазақстандағы мәнерлеп сырғанаудың болашағы және жас спортшыларға берер кеңесі туралы айтты, деп жазады malimsports.kz otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Элизабет кәсіби мансабындағы ең ауыр кезеңдердің бірі 2017-2020 жылдар аралығы болғанын айтты. Оның сөзінше, жоғары деңгейдегі спорт үнемі жарақатпен, ауырсынумен және үлкен психологиялық қысыммен қатар жүреді.
«Жаттығуда қанша еңбек етсең, жарыста соншалықты сенімді боласың. Барлық жетістіктің негізі – күнделікті еңбек пен тәртіп», - дейді Тұрсынбаева.
«Жақсы бапкер талап пен қолдауды қатар ұсына білуі керек»
Қазір өз академиясында жас спортшыларды жаттықтырып жүрген Элизабет жақсы бапкер тек талап қойып қана қоймай, спортшыға қолдау көрсете білуі қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, нәтиже жаттықтырушыға ғана емес, спортшының өзіне және ата-анасының қолдауына да байланысты.
«Тәртіп – бір күндік емес, күн сайын қалыптасатын әдет. Егер жаттықтырушы, ата-ана және спортшы бір мақсатқа жұмылса, нәтиже міндетті түрде болады», - деді ол.
«Ақтауда чемпион тәрбиелеуге толық мүмкіндік бар»
Элизабет Ақтаудағы мұз аренасының сапасына жоғары баға беріп, бұл жерде болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге барлық жағдай жасалғанын айтты. Сонымен қатар ол Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
«Мен әлемнің көптеген мұз ареналарында болдым. Ақтаудағы мұздың сапасы өте жақсы. Мұнда кәсіби спортшыларды дайындауға толық мүмкіндік бар», – деді әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Сонымен қатар Элизабет Тұрсынбаева жас спортшыларға ең бастысы талант емес, еңбек, тәртіп, табандылық және өз мақсатыңа деген сенім екенін айтып, үлкен жетістікке жетудің негізгі формуласы осы қасиеттерде екенін жеткізді.
Фото: Мирас Нарымбетов
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған