Елдос Сметов операциядан кейін алғаш рет үн қатты
Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов операциядан кейін алғаш рет көпшілікке үндеу жасады.
Белгілі спортшы өзінің Instagram парақшасындағы сторис арқылы жанкүйерлерге арнап жазба жариялап, ең алдымен барша қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.
«Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Баршаңызға қайырлы кеш! Сіздерді қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осы айтулы күн қарсаңында Тбилисиде Grand Slam турнирі өтіп жатыр. Бүгін бұл жарыста 60 келіге дейінгі салмақта ініміз Орынбасар қола жүлдеге ие болды. Ал 66 келіге дейінгі салмақта бауырымыз Нұрқанат алтын медаль жеңіп алды. Жігіттерді осы жеңістерімен шын көңілден құттықтаймын!
Бұл жетістіктер - үлкен жеңістердің бастауы деп ойлаймын. Алдағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында да ел мерейін асырып, топ жара берсін деп тілеймін. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ертең және арғы күні татамиге шығатын жігіттерімізге де сәттілік тілеймін. Баршаңызды оларға тілекші болып, қолдау көрсетуге шақырамын», - деді Елдос Сметов.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Елдос Сметовтің Тараз қаласында ота жасатқаны белгілі болған еді. Осы жаңалықтан кейін жанкүйерлер оның денсаулығына алаңдап, тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген.
Кейінірек спортшының денесінде жара пайда болып, оны алып тастау үшін ота жасалғаны мәлім болды.
Ең көп оқылған