Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Испания астанасы Мадридте жергілікті жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Бұл туралы даңқты спортшы өзінің Instagram парақшасында жазды.
«Испания астанасындағы шеберлік сабағының алғашқы күні басталды. Елімізде шетелдің қызығушылығын оятып, абыройымызды асқақтатып, «Кімсің?» дегенде – «Қазақпын» деп танытатын жаңа буынның қалыптасуына шын жүректен тілектеспін. Әрқайсыңызға денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін! Әр отбасына мықты да білімді ұл-қыздарды тәрбиелеуді нәсіп етсін!», – деп жазды Олимпиада чемпионы өз парақшасында.
Айта кетейік, Елдос Сметов – дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол 2024 жылы Париж Олимпиадасында француздық Лука Мхаидзені тізе бүктіріп, алтыннан алқа таққан еді. Бұған қоса, Олимпиада ойындарының барлық жүлде қорын иеленген санаулы спортшылардың бірі.
Сурет: Bestnews.kz.