Елдегі 12 букмекерлік кеңсе 10 айда 400 млрд теңге таза табыс тапқан
Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда жұмыс істеп жатқан букмекерлік кеңселердің табысы туралы мәлімет берді.
Министрдің айтуынша, мемлекет ел аумағында қызмет көрсететін 12 букмекерлік кеңсенің ақпараттық жүйесіне тікелей қосылған.
«Біз ел аумағында жұмыс істейтін 12 букмекерлік кеңсенің ақпарат жүйесіне қосылғанбыз. Сол жерден бәрін көріп отырмыз. 10 айдың қорытындысы бойынша шамамен 1 трлн 200 млрд теңге бәске қойылған. Оның 800 млрд теңгесі бәс тігушілерге ұтыс ретінде қайтарылған. Яғни, букмекерлік кеңселер шамамен 400 млрд теңге таза табыс көріп отыр», - деді Мәди Такиев.
Сонымен қатар қаржы министрі букмекерлердің тапқан табысының ары қарай қалай жұмсалып жатқаны мемлекеттің құзырындағы мәселе емес екенін атап өтті.
«Ал ол табыстың қайда кетіп жатқаны – біздің сұрағымыз емес», – деді ол.
Айта кетейік, букмекерлік қызмет саласы соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланып келеді. Әсіресе, бәс тігудің әлеуметтік салдары мен қаржылық айналымының көлемі көпшіліктің назарында.
Фото: Евгений Разумный / Ведомости
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған