Дзюдодан Қазақстан құрамасы Аустрия Гран-приін 1 алтын, 1 қоламен аяқтады
Аустрияның Линц қаласында дзюдодан өткен Linz Judo Grand Prix турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Қазақстан құрамасы жарысты 1 алтын және 1 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте 7-орынға тұрақтады. Линцтегі турнирде 21 елдің спортшысы жүлдеге ие болды.
Жарыстың алғашқы күні –60 кг салмақ дәрежесінде Шерзод Давлатов қола жүлдегер атанды.
Ал екінші күні –81 кг салмақта Әділет Алмат барлық қарсыласын жеңіп, турнир чемпионы болды. Бұл – оның Гран-при санатындағы алғашқы алтын медалі.
Сонымен қатар, +78 кг салмақта Ақерке Рамазанова қола жүлде үшін белдесуде Эстония спортшысына жол берді.
Ал –100 кг салмақта Марат Байкамуров жұбаныш кезеңінде Жорже Фонсекаға есе жіберді. Айта кетейік, Фонсека – Токио 2020 Олимпиадасының қола жүлдегері және екі дүркін әлем чемпионы.
Жалпы, Аустриядағы жарысқа 59 елден 479 дзюдошы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 20 спортшы өнер көрсетті.
Фото: СДД
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған