Чак Норристің қазасына UFC жұлдыздары пікір білдірді
Аңыз актер әрі жекпе-жек шебері Чак Норристің қайтыс болуы әлемдік спорт қауымдастығында кең резонанс тудырды, деп жазады malimsports.kz.
86 жасында өмірден өткен Норрис ММА және жекпе-жек өнерінің дамуына зор ықпал еткен тұлға ретінде бағаланып отыр. Көптеген спортшылар оның шығармашылығы мен өмір жолынан шабыт алғанын жасырмады.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Норристі «нағыз мықты адам» деп атап, оның қайтыс болғанына өкініш білдірді. Ал әйгілі актер Арнольд Шварценеггер оны Голливудтағы және өмірдегі аңыз тұлға ретінде сипаттады.
ММА әлемінің өкілдері де көңіл айтуда. UFC-дің бұрынғы чемпионы Жорж Сен-Пьер Норристің өзіне үлкен әсер еткенін айтса, Чарльз Оливейра оны жекпе-жек өнерінің символы деп атады. Сонымен қатар Стивен Томпсон мен Ян Блахович бала күнгі кумирінен айырылғандарын жеткізді.
Актер Жан-Клод Ван Дамм да әріптесінің қазасына байланысты көңіл айтып, оның есімі мәңгі есте қалатынын мәлімдеді.
Чак Норрис – тек кино индустриясының жұлдызы ғана емес, жекпе-жек спортының дамуына серпін берген, тұтас бір буынға әсер еткен тарихи тұлға ретінде тарихта қалды.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған