БҚО-да 100 шақырымдық аламанда бәйге өтті

Батыс Қазақстан облысында Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған аламан бәйге аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz қазақпаратқа сілтеме жасап.
100 шақырымға созылған дүбірлі дода Талов ауылдық округіне қарасты Бірлік елді мекеніндегі Ғұмар Қараш кесенесінен басталып, Жәнібек ауданы орталығында мәресіне жетті. Жарысқа барлығы 51 ат қатысып, оның 10-ы ғана көмбеден көрінді.
Нәтижесінде маңғыстаулық шабандоз Нұрсұлтан Құмаров тізгіндеген «Мұздай» тұлпары мәре сызығын бірінші болып қиып, бас жүлде – автокөлікті иеленді.
Екінші орынға Бөкей ордасы ауданының шабандозы Нұрмұханбет Ғиният («Ерке торы») тұрақтап, квадроциклге қол жеткізді. Үшінші орын Ақтау қаласының Жетібай ауылынан келген Аман есімді шабандозға бұйырып, оның «Қос тұраны» мотоцикл сыйлығын әкелді.
Төртінші және бесінші орын иеленген қатысушыларға 100 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды.
Фото: Қазақпарат


Ең көп оқылған
