«Болашақ ойындары-2026»: Астанадағы турнирдің аудиториясы рекордтық көрсеткішке жақындады
Астанада өтіп жатқан халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирі көрермен қызығушылығы бойынша жоба тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізуге жақындап қалды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарыстың алғашқы төрт күнінде турнир трансляциялары 85 миллионнан астам қаралым жинаған. Егер қазіргі қарқын сақталса, жарыс аяқталғанға дейін жалпы аудитория көлемі 430-490 миллион қаралымға жетуі мүмкін.
Биыл турнирдің халықаралық қамту ауқымы да айтарлықтай кеңейді. Медиасеріктестер саны 27-ден 54-ке, ал жарысты тікелей көрсететін стримерлер саны 58-ден 120-ға дейін өскен. Сонымен қатар жарыс 16-дан астам тілде таратылып жатыр.
Турнирдің трансляциялары Қытай, ТМД елдері, Латын Америкасы, Үндістан және басқа да өңірлердегі жетекші телевизиялық және цифрлық платформалар арқылы көрерменге жол тартуда. Негізгі серіктестер қатарында HUYA, BIGG TV, Play TV, XP Esports, VK, bilibili, Rutube және Douyu платформалары бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аудиторияның өсуіне стримингтік сервистер айтарлықтай үлес қосып отыр. Алдыңғы турнирде барлық қаралымның шамамен 82 пайызы цифрлық платформаларға тиесілі болса, биыл бұл көрсеткіштің одан әрі артқаны байқалады. Бұл фиджитал форматындағы жарыстардың жастар мен технологияға қызығатын аудитория арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Ең жоғары көрермен көрсеткіштері турнирдің финалдық кезеңінде күтіледі. 5 тамызда Dota 2 турнирінің финалы өтсе, 8-9 тамыз күндері Counter-Strike 2, Mobile Legends: Bang Bang және фиджитал-футбол бойынша жеңімпаздар анықталады. Сарапшылар дәл осы кездесулер жалпы аудиторияның рекордтық деңгейге жетуіне ықпал етеді деп болжап отыр.
Айта кетейік, «Болашақ ойындары» – дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін халықаралық мультиспорттық турнир. Биылғы дода 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында өтіп жатыр. Турнирдің Қазақстанда ұйымдастырылуы еліміздің халықаралық деңгейдегі спорттық әрі технологиялық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатынын тағы бір мәрте көрсетіп, елдің жаһандық фиджитал индустриясындағы орнын нығайтуға ықпал етуде.
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған