Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан FIDE Grand Swiss and FIDE Women’s Grand Swiss 2025 турнирінде сенсациялық жеңіске жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Самарқандтағы сенсация
8-турда Бибісара турнирдің көшбасшысы, үндістандық гроссмейстер Вайшали Рамешбабумен кездесіп, аса маңызды жеңіске қол жеткізді.
Алғашқы 25 жүрісте ойын тең дәрежеде өрбіді. Екі шахматшы тактикалық күрес жүргізіп, бір-біріне дес бермеді. Дегенмен Вайшали күтпеген қателік жіберіп, қазақстандық қарсыласына ойын тізгінін ұстауға мүмкіндік берді. Сол сәттен бастап Бибісара сенімді жүрістер жасап, жеңісті өз пайдасына шешті.
Қазақстандықтардың нәтижелері (8-тур)
Бибісара Асаубаева (2505) - 1:0 Вайшали Рамешбабу (2452, Үндістан)
Лея Гарифуллина (2477, FIDE) - ½:½ Меруерт Қамалиденова (2349)
Александра Мальцевска (2379, Польша) - 1:0 Ксения Балабаева (2383)
Мери Арабидзе (2444, Грузия) - 0:1 Елназ Қалиахмет (2299)
Турнирлік жағдай
Осы жеңістен кейін Бибісара 6 ұпай жинап, турнир кестесінде 5-орыннан үздік үштікке көтерілді. Ендігі қарсыласы - 6,5 ұпайы бар Катерина Лагно, жаңа көшбасшы. Бұл кездесу оның жүлделі орынға таласын айқындайтын шешуші ойын болмақ.
ФОТО: Шахмат федерациясы