457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Бағлан Іңкәрбек: Біз жасөспірімдер деңгейінде әлемдегі ең мықты құрамалардың біріміз

Фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бағлан Іңкәрбек маусымды қорытындылады, деп хабарлайды malimsports.kz.

Olympic.kz сайтына берген сұхбатында маман жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңісті жоғары бағалап, спортшылардың әлеуеті туралы айтты.

Қазақстан құрамасы жасөспірімдер деңгейінде әлемдік спортта алдыңғы қатарда келеді. Бапкердің айтуынша, соңғы жылдардағы нәтижелер негізгі қарсыластарға қарағанда жүйелі басымдық бар екенін көрсетеді.

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында көптеген мықты құрамаларды артта қалдырдық. Мысалы, Канаданы былтыр да жеңгенбіз. Қытайлықтарды да, америкалықтарды да ұттық. Қазір біз әлемдегі ең мықты командалардың біріміз деп айтуға болады. Екі жыл қатарынан әлем біріншілігінде топ жару - соның айғағы. Әлем чемпионаты алдында Еуропа кубогының кезеңінде де жүлдеге іліктік. Сол жерде Асылхан Украинадан барған мықты спортшы Роман Бондарчукті жеңді. Алайда екінші күні бағалау әділ болмады.  Бұл мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, нәтижесінде қателік жіберілгені мойындалды. Дегенмен нәтиже өзгертілген жоқ. Біздің спортта қорытынды хаттамаға енгізілген ұпайлар кейін түзетілмейді, - деді Іңкәрбек.

Швейцарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ерекше жетістікке қол жеткізді. Асылхан Асан алтын медаль жеңіп алса, екінші орынды оның командаласы Дінмұхаммед Райымқұлов иеленді. Айта кетейік, Райымқұлов 2025 жылы Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған болатын.

Биыл тағы да бірінші орын алдық. Өткен жылғы әлем чемпионы бұл жолы күміс жүлдегер атанып, қайтадан жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл - тұрақтылықтың белгісі, әрі команданың бірлесе атқарған еңбегінің жемісі. Спортшыларымыздың қарқыны жақсы, әлеуеті жоғары. Сол деңгейге сай даму да бар, - деді бас бапкер.

Бапкер маусымды бағалап, құраманың алға қарай ілгері дамып жатқанын да айтты.

Олимпиадалық маусымды қалай бағалаймын? Бапкер ретінде кейбір тұстарға әрдайым көңілім толмауы заңды, өйткені біз үнемі дамып, алға ұмтылуымыз қажет. Өткен маусыммен салыстырғанда, биылғы нәтижелер көңіл қуантады. Спортшылардың да, құраманың да ілгерілеуі байқалады. Дегенмен даму қарқынын одан әрі үдету қажет. Бұл тек нәтижеге ғана емес, жалпы елдегі фристайл-акробатиканың дамуына қатысты. Яғни арнайы базалардың, жаттығу орталықтарының пайда болуы, инфрақұрылымның нығаюы маңызды. Қазір өз базамыз болмағандықтан, шетелде жаттығуға тура келеді, - деді ол.

Фото: ҰОК