457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Азия Олимпиада кеңесі Алматының 2029 жылғы Азия ойындарына дайындығын жоғары бағалады

2029 жылы Алматыда өтетін X қысқы Азия ойындарына дайындық аясында Азия Олимпиада кеңесінің (АОК) делегациясы қалаға алғашқы инспекциялық сапармен келді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Сапар бағдарламасын Алматы қаласының әкімдігі мен қалалық Спорт басқармасы ұйымдастырды. Іс-шараларға ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Туризм және спорт министрлігінің өкілдері де қатысты.

Жұмыс кездесулерінде жарысты ұйымдастырудың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, басқару жүйесі, спорттық бағдарлама, спорт нысандарын жаңғырту, көлік логистикасы, қатысушыларды орналастыру, аккредиттеу, ақпараттық технологиялар, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы және телетрансляция мәселелері қарастырылды.

Инспекциялық сапар барысында АОК делегациясы «Халық Арена», «Алматы Арена», «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Шымбұлақ» тау курорты, халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын аралап көрді. Делегация спорт нысандарының қазіргі жай-күйін, жаңғырту жоспарларын, техникалық дайындығын, көлік қолжетімділігін және халықаралық талаптарға сәйкестігін бағалады.

Азия Олимпиада кеңесінің өкілдері Алматының спорттық инфрақұрылымы мен дайындық жұмыстарының қарқынына жоғары баға берді. Әсіресе тау кластеріндегі спорт нысандарының әлеуеті ерекше аталды.

Қаладағы негізгі спорт нысандары 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын қабылдағандықтан, 2029 жылғы дода қарсаңында жаңа ареналар салынбайды. Оның орнына қолданыстағы инфрақұрылымды халықаралық стандарттарға сай жаңғырту жоспарланған.

Сондай-ақ делегация Алматының қонақүй инфрақұрылымымен танысты. Азия ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, арнайы спортшылар қалашығы салынбайды. Қатысушылар жарыс нысандарына жақын орналасқан қонақүйлерге орналастырылады.

Инспекциялық сапар қорытындысы бойынша ұйымдастыру комитетін құру, бірыңғай жол картасын әзірлеу және жарыс бағдарламасын қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар Азия Олимпиада кеңесімен өзара іс-қимылды үйлестіретін жауапты өкілдер бекітілетін болды.

Еске салсақ, Алматы 2026 жылғы 5 ақпанда X қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Ал Азия Олимпиада кеңесі президентінің ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне Кудрәт Шамиев тағайындалып, оған ойындарға дайындық пен өткізуді үйлестіру міндеті жүктелген.

 

Фото: ҰОК