Азия чемпионаты: Қазақстан семсерлесушілері 1/8 финалда жарысты аяқтады
Үндістанның Дели қаласында семсерлесуден ересектер арасындағы Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлер қылыш және әйелдер рапира бағдарламалары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижені үш спортшы тіркеді. София Актаева, Артем Сарксисян және Жанат Нәбиев 1/8 финалға дейін жеткенімен, ширек финал жолдамасын ала алмады.
Әйелдер арасындағы рапирада София Актаева Оңтүстік Корея өкілі Мо Бёльге 4:15 есебімен есе жіберді.
Ерлер арасындағы қылыш сайысында Артем Сарксисян Гонконг спортшысы Чан Лон Хей Ройстан 12:15 есебімен жеңілсе, Жанат Нәбиев қытайлық Шэнь Чэньпэннен 9:15 есебімен ұтылып, жарысты аяқтады.
Қалған қазақстандық спортшылар да жүлдеге талас жолында тоқтады. Бақдәулет Құралбекұлы 1/32 финалда жеңілсе, Назарбай Саттархан мен Алена Гноева 1/16 финал кезеңінен аса алмады. Ал Алина Искандерова жарысты 1/32 финалда аяқтады.
20 маусым күні чемпионат аясында ерлер арасындағы шпага және әйелдер арасындағы қылыш бағдарламаларында жүлдегерлер анықталады. Қазақстан құрамасы келесі жарыс күнінде медаль үшін күресті жалғастырады.
Фото: ҰОК
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың жалақысы белгілі болды
Ең көп оқылған