Азия чемпионаты алдында семсерлесуден Қазақстан құрамасының мүмкіндігі қандай?
Бүгін Үндістанның Дели қаласында семсерлесуден Азия чемпионаты басталады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Құрлықтың үздік спортшылары жиналатын додада Қазақстан құрамасы қарудың барлық түрі бойынша жүлде үшін таласады.
Соңғы жылдары Азия семсерлесудің әлемдік орталықтарының біріне айналды. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Гонконг спортшылары Олимпиада мен әлем чемпионаттарында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Сондықтан құрлық біріншілігіндегі әрбір белдесу әлемдік деңгейдегі бәсекемен пара-пар.
Қазақстан құрамасы бұл жарысқа тәжірибе мен жастық жігерді ұштастырған құраммен келді. Елдің басты үміті дәстүрлі түрде шпага шеберлеріне артылып отыр. Соңғы жылдары ерлер құрамасы халықаралық аренада тұрақты нәтижелер көрсетіп, әлемдік элита қатарына қосылды.
Әсіресе Руслан Курбанов пен Ерлік Сертайдың биылғы маусымдағы жетістіктері көңіл қуантады. Руслан Германиядағы Әлем кубогы кезеңінде жеңімпаз атанып, кейін Астанада күміс жүлдеге қол жеткізсе, Ерлік Венгриядағы Гран-при турнирінде күміс медаль иеленді.
Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы соңғы алтын медалін де дәл осы шпагашылар арқылы жеңіп алған болатын. Былтыр Ерлік Сертай, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Эльмир Алимжанов финалда Олимпиада чемпионы Жапонияны жеңіп, тарихи жетістікке қол жеткізген еді.
Қылыш және рапира бағдарламаларында да жүлде үшін күрес күтіледі. Әйелдер арасындағы қылыш сайысында Карина Доспай, Әйгерім Сарыбай және Анастасия Гулик тәжірибесіне сенім артылса, рапирада София Актаевадан үміт зор. Ол соңғы жылдары халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегерлер қатарына енді.
Дегенмен Қазақстан құрамасын өте ауыр сынақ күтіп тұр. Делиге Олимпиада чемпиондары мен әлемдік рейтинг көшбасшылары жиналды. Жапония құрамасы Коки Кано, Кадзуки Иимура және Кёсукэ Мацуяма бастаған жұлдыздарымен келсе, Оңтүстік Корея сапында Олимпиада чемпионы О Сан Ук бар. Ал Гонконг құрамасының көшбасшысы – екі дүркін Олимпиада чемпионы Чун Ка Лонг.
Сондықтан Делидегі Азия чемпионаты Қазақстан үшін тек жүлде жарысы ғана емес, әлемдік элитамен күш сынасып, Азия ойындары алдындағы дайындық деңгейін бағалайтын маңызды мүмкіндік болмақ.
Фото: ҰОК
Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде бірінші себетке түсті
Ең көп оқылған