Ауыр жарақат алған Олимпиада жүлдегеріне Шымкентте күрделі ота жасалды

Әлем чемпионатына дайындық кезінде жарақат алған қазақстандық спортшы Шымкент дәрігерлеріне ризашылығын білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ауыр атлетикадан ел намысын қорғап жүрген спортшы Карина Горичева 23 тамызда жаттығу кезінде алған жарақатынан кейін №1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді.
Инструменталды және зертханалық тексерулер жүргізілген соң, науқас шұғыл түрде травматология және ортопедия бөлімшесіне жатқызылды. Толық тексерулердің нәтижесінде спортшыға 26 тамыз күні Ахилл сіңірінің үзілуін қалпына келтіру бойынша ашық ота жасалды, - деп жазылған Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратында.
Ахилл сіңірі – адам ағзасындағы ең ірі сіңір, ол тобық буынында орналасқан. Бұл аймақ спортшылар арасында ең жиі жарақат алатын нүктелердің бірі болып саналады.
Карина Горичева бөлімшеде симптоматикалық ем қабылдады. Жалпы жағдайы тұрақталғаннан кейін спортшы ауруханадан шығарылған.
Фото: Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы


Ең көп оқылған
