Ауыр дертті жеңген эстон спортшысы екі дүркін Еуропа чемпионы атанды
Ауыр дертті еңсеріп, қайта мұзға оралған эстондық мәнерлеп сырғанаушы Нина Петрыкина Еуропа чемпионатында тағы да топ жарды, деп хабарлайды malimsports.kz.
21 жастағы спортшы әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда қатарынан екінші мәрте Еуропа чемпионы атанды.
Ұлыбританияның Шеффилд қаласында өткен құрлықтық додада Петрыкина қысқа бағдарламадан кейін-ақ айқын көш бастады. Ол бұл кезеңде жеке рекордын жаңартып, 70,61 ұпай жинады. Еркін бағдарламада да эстон спортшысы мінсіз өнер көрсетіп, ең жоғары нәтижені тіркеді.
Нина Петрыкина еркін бағдарлама бойынша 145,53 ұпай, ал жалпы қорытындыда 216,14 ұпай жинап, жеке рекордтарын жаңартты әрі чемпиондық атағын сәтті қорғады. Айта кетерлігі, осыған дейін Еуропа чемпионатында эстондық мәнерлеп сырғанаушылардың ешқайсысы жеңіске жетіп көрмеген.
Спортшының тағдыры жеңіске апарар жолдың оңай болмағанын аңғартады. 2020 жылы Петрыкинаға апластикалық анемия - қан түзу жүйесінің аса ауыр дерті диагнозы қойылған. Сүйек кемігін ауыстыруға донор табылмағанымен, ұзақ терапия арқылы ол ауруды жеңіп, үлкен спортқа қайта оралды.
Биылғы маусымда да денсаулығына байланысты көптеген жарыстарды өткізіп алды. Таллиннде дүниеге келген спортшы ахилл сіңірінен жарақат алып, қазан айында жасалған операциядан кейін ұзақ уақыт бойы қалпына келу кезеңінен өтті.
Еуропа чемпионатында екінші орынды бельгиялық Луна Хендрикс иеленді (191,26). Осылайша оның бұл турнирдегі жүлделер қоржынына бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жиналды.
Ал үшінші орын италиялық Лара Наки Гутманнға бұйырды (186,87). Бұл — оның Еуропа чемпионатындағы алғашқы жүлдесі.
Фото: Getty Images
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған