Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елдегі спорт инфрақұрылымын дамыту және халыққа қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасып келеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6%-ды құраса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 62,1%-ға жеткен. Бұл ауылдық өңірлердегі спорт нысандары желісінің тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Елде жаңа стадиондар салынып жатыр
Бүгінде Қазақстанда 30 ірі стадион бар. Сонымен қатар тағы 15 стадионның құрылысы жүргізілуде.
Қазіргі кезде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында жаңа стадиондар салынып жатыр. Оларды 2028–2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, тағы жеті стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Тараз қаласында жаңа стадион салуға жер телімі анықталса, Қостанай және Ұлытау облыстарында осындай жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Соңғы үш жылда жүздеген спорт нысаны пайдалануға берілді
Министрлік ірі спорт кешендерімен қатар, өңірлердегі спорт нысандарының санын арттыруға да басымдық беріп келеді.
2024 жылы 90 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 61-і ауылдық жерде орналасқан.
2025 жылы 147 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Оның 107-сі ауылдық елді мекендерде салынды.
2026 жылы тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған.
86 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
2026 жылдан бастап Министрлік 2026–2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруда.
Құжат аясында 86 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде 56 жоба ауылдық жерлерде іске асырылады.
Балалар футболына ерекше көңіл бөлінуде
Балалар және бұқаралық футболды дамыту да министрліктің негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Президент тапсырмасына сәйкес әкімдіктермен бірлесіп балаларға арналған футбол алаңдарын салу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
2025 жылы елімізде 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Биыл бұл жұмыстар республика бойынша жалғасуда.
Министрлік мәліметінше, аталған жобалар заманауи спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттырып, халықтың дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұқаралық, балалар және жасөспірімдер спортын барлық өңірде дамытуға серпін береді.
Фото: qubylys.kz