457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Астанада жүздеген қала тұрғыны Олимпиада чемпиондарымен бірге «10 000 қадам» іс-шарасына қатысты

11 тамызда Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Елорданың жүздеген тұрғыны Олимпиада чемпиондары және танымал спортшылармен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жаяу жүрді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Іс-шара таңғы сағат 06:00-де фитнес-жаттықтырушы Айша Баймаханованың ашық жаттығуымен басталды. Одан кейін қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадам жүрді. 

Жол бойында спортшылар қала тұрғындарымен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Іс-шара соңында қатысушылар мен чемпиондардың қатысуымен фотосессия ұйымдастырылды.

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының дәл осы форматтағы іс-шарадан басталуының символдық мәні бар екенін атап өтті.

Спорт қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Таңертеңгілік ашық жаттығулар мен бұқаралық іс-шараларға тұрғындардың белсенді қатысуы – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спорт саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттардың бірі – балалар және бұқаралық спортты дамыту. Біздің мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді ету және белсенді, саламатты өмір салтын әрбір қазақстандықтың күнделікті дағдысына айналдыру, – деді министр.

Спорт апталығы жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ашық жаттығу және олимпиадашылармен бірге «10 000 қадам» іс-шарасы — Спорт күні қарсаңындағы спорт апталығының басы. Мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында ашық жаттығулар, жүгіру жарыстары, веложарыстар, түрлі турнирлер мен спорт фестивальдері бар.

Бүгінде халықтың 44%-дан астамы дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысады. Балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 34%-дан асып, шамамен 1,8 млн балаға жетті. Біздің міндетіміз – осы көрсеткішті арттыру. 2029 жылға қарай бұқаралық спортпен қамтуды 50%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті министр.

Айта кетейік, «10 000 қадам» іс-шарасы «Спортшылар кеңесінің» ұйымдастыруымен өтті.

Анықтама үшін: жаңа спорт алаңдары мен секцияларын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, инфрақұрылым дамып, балалар спортын қаржыландыру жүйесі өзгеруде. Өткен жылы елде 147 спорт нысаны салынды, олардың әрбір үшіншісі – ауылдық жерде. Балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне (БЖСМ) жан басына шаққандағы қаржыландыру алғаш рет енгізілді – соның нәтижесінде бір балаға шаққандағы қаржыландыру екі есеге жуық артты. БЖСМ жаттықтырушыларының еңбекақысы кезең-кезеңімен көтерілуде.

Бүгінде 220 мыңнан астам бала спорт секцияларында тегін шұғылданады. Сонымен бірге шамамен 400 мың бала БЖСМ-де жаттығады.

 

Фото: ТСМ