Астанада шорт-тректен жасөспірімдер арасында әлем кубогы басталды
Астанада шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының кезеңі басталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Мұндай деңгейдегі жарыс Қазақстанда алғаш рет өтуде.
Бұл сериялық турнирлер жақында ғана өткізіле бастады. Алғашқы жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы 2023 жылы ұйымдастырылған болатын. Сол кезде-ақ Қазақстан конькишілер одағы осы жарысты өткізуге алғашқылардың бірі болып өтінім берген еді.
Нәтижесінде Халықаралық конькишілер одағы елімізге бір емес, қатарынан екі кезеңді сеніп тапсырды. Екі кезең де Астанада өтеді.
Бірінші кезең 7-9 қараша аралығында, ал екінші кезең 13–15 қараша күндері елордамыздағы «Алау» мұз сарайында ұйымдастырылады.
Бірінші кезеңге әлемнің 22 елінен спортшылар қатысады. Жүлделер үшін Аустралия, Канада, Қытай, Франция, Венгрия, Жапония, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Германия, Индонезия, Гонконг, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан, Италия, Жаңа Зеландия, Польша, Швейцария, Тайбэй және Нидерланд спортшылары бақ сынайды.
Ересектер арасындағы секілді, жасөспірімдер санатында да Әлем кубогының рейтингі бар. Қорытынды ұпайлар барлық кезең нәтижесіне қарай есептеледі.
Айта кетсек, өткен маусымда қазақстандық Богдан Вехов үздік үштікке енген еді. Ол 1000 метр қашықтықта үшінші орын алған болатын.
Сондай-ақ ерлер эстафетасында Қазақстан құрамасы алтыншы, әйелдер және аралас эстафетада да алтыншы және бесінші орындарды иеленді.
Биыл да Богдан Вехов жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогында ел намысын қорғайды. Сонымен қатар құрамға 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Полина Омельчук та енді.
Қазақстан құрамасының толық тізімі төмендегідей:
- Полина Омельчук
- Анастасия Галечина
- Райана Манарбекова
- Нұрия Алпысбай
- Гүлдана Жалмұхан
- Асылхан Қасымбек
- Мадияр Мадихов
- Павел Цой
- Богдан Вехов
- Тамирлан Жолдас
Айта кетсек, Астанадағы жарыста 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында (ұлдар мен қыздар арасында), сондай-ақ ерлер, әйелдер және аралас командалық эстафеталарда жүлделер сарапқа салынады.
Фото: ҰОК баспасөз қызметі
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған