Астанада Азия Олимпиадалық кеңесінің VI Құрлықтық спортшылар форумы өтті

Астанада Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) VI Құрлықтық спортшылар форумы аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Шара Olympic Solidarity бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Форумның екінші күнінде қатысушылар спорттағы әділдік пен қауіпсіздік тақырыптарына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Жарыс нәтижелерін манипуляциялаудың алдын алу жөніндегі сессияны АОК Спортшылар комиссиясы төрағасының орынбасары Шива Кешаван, АОК-нің Спортшылармен жұмыс департаментінің менеджері Джамьянг Намгьял және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт департаментінің жетекші менеджері Айым Жетібаева жүргізді.
Форумның екінші күні Азияда қауіпсіз спорт ортасын қалыптастыру мәселесіне арнайы назар аударылды. АОК сарапшылары мен спортшыларды қорғау жөніндегі Азия желісінің өкілдері Сабина Факхури, Хера Лиу, Сяйрах Латиф және Роуз Лантиксе зорлық-зомбылықтың алдын алу тәсілдерін таныстырып, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Спортшылар комиссиясының қауіпсіз орта қалыптастыруда атқаратын рөлін атап өтті.
Айта кетейік, екі күндік шараға Азияның 42 Ұлттық Олимпиадалық комитетінен, Халықаралық Олимпиадалық комитеттен және АОК басшылығынан 120-дан астам делегат қатысты.
Фото: olympic.kz


Ең көп оқылған
