Қазақстан гимнастика федерациясының президенті, белгілі спорт қайраткері Әлия Юсуповаға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы берілді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Марапатты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстап, бұл шешім Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қабылданғанын атап өтті.
— Бүгін экономика мен қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан, өз саласында адал қызмет етіп жүрген азаматтарды марапаттадық. Сонымен қатар спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан зор үлесі үшін Әлия Юсуповаға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын табыстадым, — деді қала әкімі.
Айта кетейік, Әлия Юсупова – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және еңбек сіңірген бапкері. Ол көркем гимнастикадан екі Олимпиада ойындарына қатысып, 2004 жылы Афинада жүлдеге бір қадам жетпей қалса, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында бесінші орын иеленді.
Ол 2021 жылы Қазақстан гимнастика федерациясының президенті болып сайланып, 2024 жылы бұл қызметке қайта сенім білдірілді.
Фото: instagram.com/aliya_yussupova15