Әлемдік Dota 2 командалары «Болашақ ойындары – 2026» турниріне қатысу үшін Астанаға келді
Астана халықаралық әуежайы «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық мультиспорт турниріне қатысушыларды қарсы алуды жалғастыруда. Бұл жолы елордаға әлемдік Dota 2 аренасындағы жетекші ұжымдар – Xtreme Gaming және Vici Gaming командалары келді, деп жазады malimsports.kz.
Екі команда да Dota 2 бойынша ең беделді халықаралық жарыс саналатын The International турнирінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Xtreme Gaming Қазақстанға «Болашақ ойындарының» қазіргі чемпионы ретінде келіп отыр. Команда сапында Ame, NothingToSay, Xxs, fy және xNova өнер көрсетеді. Сондай-ақ ұжым The International 2026 турниріне тікелей жолдама алған.
Ал Vici Gaming Dota 2 тарихындағы ең танымал клубтардың бірі саналады. Команда бірнеше мәрте ірі халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып, The International додасының финалдық кезеңіне дейін жеткен.
Сонымен қатар Астанаға Team Resilience және Zero Tenacity командалары да келді. Олар MOBA PC Dota 2 Presented by Bank CenterCredit дисциплинасында чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.
Аталған турнирде Қазақстан намысын Rune Eaters командасы қорғайды. Ұжым сапында Даниял Әлібай, Әбдімәлік Сайлау, Әлім Беспаев, Айбек Тоқаев және Никита Остахов өнер көрсетеді.
Бұдан бөлек, DIGA Esports командасы да елордаға жетті. Қазақстандық ұжым Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank дисциплинасында бақ сынап, ел намысын қорғайды.
Dota 2 турниріне әлемнің түкпір-түкпірінен келген 16 команда қатысады. Командалар жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын сарапқа салады. Жарыстар 2-5 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Ал Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS турнирі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық мультиспорт турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 50-ден астам елінен 800-ден астам спортшы қатысады.
Халықаралық мультиспорт турнирін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастырады. Турнирдің құқық иесі – Phygital International.
Фото: ҚР туризм және спорт министрлігі
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған