Әйгілі альпинист Нирмал Пурджа жаңа рекорд жолында қаза тапты
Әлемге әйгілі непалдық альпинист Нирмал «Нимсдай» Пурджа Пәкістандағы Броуд-Пик (8047 м) шыңына көтерілу кезінде 43 жасында қаза тапты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 30 шілдеде таудың екінші және үшінші лагерьлері арасында, шамамен 6660 метр биіктікте болған. Нирмал Пурджа бастаған 10 адамнан тұратын халықаралық экспедиция қар көшкінінің астында қалып, апаттан ешкім аман қалмаған.
Нирмал Пурджаның қаза тапқанын оның Elite Expedition компаниясы растады. Сондай-ақ Непалдың премьер-министрі Балендра Шах та көңіл айтып, спортшы мен экспедиция мүшелерінің қайтыс болғанын мәлімдеді.
Бұл жолы Нирмал Пурджа әлемдегі барлық 14 сегізмыңдық шыңды екінші рет әрі қосымша оттегісіз бағындырған тарихтағы алғашқы альпинист атануды мақсат еткен болатын.
Нирмал Пурджа альпинизм тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі саналады. Ол 2019 жылы әлемдегі барлық 14 сегізмыңдық шыңды небәрі 6 ай 6 күнде бағындырып, әлемдік рекорд орнатты. Осы жетістігі негізінде Netflix «14 шың: Ештеңе мүмкін емес» («14 Peaks: Nothing Is Impossible») деректі фильмін түсірді.
Сонымен қатар Пурджа Эверест, Лхоцзе және Макалу шыңдарын 48 сағаттың ішінде бағындырған алғашқы адам атанса, 2021 жылы К2 шыңына қыс мезгілінде көтерілген алғашқы непалдық экспедицияны басқарды.
Альпинизмге дейін ол Ұлыбритания армиясының элиталық Гурга жасағында және Корольдік арнайы теңіз қызметінде (SBS) 16 жыл қызмет еткен.
Фото: nimsdai.com
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған