Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарының медальдары таныстырылды
Жапонияда өтетін Аичи-Нагоя-2026 XX жазғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын медальдардың дизайнын таныстырды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Медаль тұжырымдамасы Ойындардың «Imagine One Asia» («Біртұтас Азияны елестет») ұранына негізделген. Дизайн Азия құрлығының тарихи дамуын және уақыт өте келе түрлі тілдер мен мәдениеттер қалыптасқан өңірлерге бөлінуін бейнелейді. Ал медальдің өзі спорт арқылы Азияның қайта бірігу идеясын білдіреді.
Медаль дизайнын жапониялық дизайнер әрі креативті директор Дайсукэ Сиба әзірлеген. Оның жобасы арнайы байқауда үздік деп танылған. Дизайнер медальдің табиғи әрі ерекше пішінін табу үшін керамикалық дискілерді бірнеше рет сындырып, пайда болған бөлшектерді зерттеген.
Сибаның айтуынша, бұл үдеріс спортшылардың үлкен жарыстарға дейінгі жолын бейнелейді. Олар дайындық барысында түрлі қиындықтар мен сынақтардан өтеді. Сол еңбектің нәтижесі ақырында спортшының жетістігін айшықтайтын медальға айналады.
Медальдардың салмағы мен құрамы
Жеңіс дәрежесіне қарай медальдар әртүрлі материалдан жасалған.
Алтын медальдің салмағы шамамен 265 грамм. Ол таза күмістен дайындалып, кемінде 1 грамм алтынмен қапталады. Күміс медальдің салмағы шамамен 264 грамм және ол таза күмістен жасалады. Ал қола медаль 95 пайыз мыс пен 5 пайыз мырыштан тұратын қызыл жезден құйылып, салмағы шамамен 222 грамм болады.
Ұйымдастырушылар медаль өндірісінде экологиялық талаптарға да мән берген. Қажетті металдардың бір бөлігі Aichi-Nagoya 2026 Recycled Medal Project бағдарламасына қатысқан муниципалитеттер жинаған шағын электронды құрылғылардан алынған.
Медаль таспасы мен қаптамасы
Медаль таспасының басты элементі – какицубата, яғни жапон құртқашашының бейнесі. Бұл гүл Аичи префектурасының ресми символдарының бірі. Таспа дизайнында гүл жапырақтарының пішінінен шабыттанған иілген доғалар да қолданылған.
Медальге арналған қаптама да өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Оның сыртқы және ішкі пішіні сегіз қырлы етіп жасалып, дизайнында «八» («сегіз») иероглифі пайдаланылған. Бұл таңба тарихи тұрғыда қазіргі Аичи префектурасының аумағын басқарған Овари Токугава әулетінің эмблемасында болған. Сондай-ақ ол қазіргі Нагоя қаласының эмблемасында да кездеседі.
Қаптама Аичиде өсетін жапон кипарисі – хиноки ағашынан жасалған. Бұл шешім өңірдегі шай рәсімі дәстүрімен байланысты. Жапонияда шай рәсіміне арналған бағалы құралдар дәстүрлі түрде ағаш жәшіктерде сақталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Аичи-Нагоя-2026 медальдары спортты өңірдің тарихы, табиғаты, мәдениеті және заманауи экологиялық құндылықтарымен байланыстырады. Медальдің пішіні мен фактурасынан бастап, таспасы мен қаптамасына дейінгі әрбір элемент спортшыларды, қабылдаушы өңірді және спорт арқылы бірігетін Азия идеясын бейнелейді.
Фото: Азия ойындары-2026 Ұйымдастыру комитеті
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған