Абу-Даби қаласында халықаралық мультиспорттық The Games of the Future Abu Dhabi 2025 powered by ADNOC фиджитал турнирінің ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің хабарлауынша, салтанатты іс-шараға БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев, сондай-ақ әлемге танымал саясаткерлер, спорт қайраткерлері мен киберспорт өкілдері қатысты.
Биылғы жарыста Қазақстан спортшылары фиджитал футбол, фиджитал баскетбол және CS2 фиджитал шутер бағыттары бойынша бақ сынап жатыр. Ел намысын үш команда қорғайды. Олардың қатарында 2024 жылы Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарының» чемпионы атанған XGoat (CS2), фиджитал футболдан іріктеу кезеңінің жеңімпазы UEL Team және құрамында ұлттық құрама ойыншылары бар PBC Astana кәсіби баскетбол клубы бар.
18-23 желтоқсан күндері аралығында Абу-Даби үкіметінің ADNEC көрме орталығында 60-тан астам елден келген 850-ден аса спортшы физикалық спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын 11 гибридті дисциплинада өзара мықтыны анықтайды.
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті