Италияның әйгілі «Брешиа» футбол клубы қаржылық қиындықтарға байланысты қызметін тоқтатты. Клубтың банкрот болғаны туралы шешімді Брешиа қаласының соты шығарды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Италиялық БАҚ-тың мәліметінше, сот шешімі 28 шілде күні, клуб президенті Массимо Челлиноның 70 жасқа толған күнінде қабылданған.
1911 жылы құрылған «Брешиа» 115 жылға жуық тарихында Италияның А сериясы мен В сериясында өнер көрсетті. Алайда клубтың шамамен 20 миллион еуро көлеміндегі қарызы оның қызметін жалғастыруына мүмкіндік бермеді.
2025 жылдың жазында Италия футбол федерациясы (FIGC) қаржылық міндеттемелердің орындалмауына байланысты «Брешиаға» С сериясында ойнауға лицензия беруден бас тартқан болатын.
«Брешиа» сапында әр жылдары әлемдік футболдың танымал тұлғалары – Хосеп Гвардиола, Роберто Баджо және Андреа Пирло өнер көрсеткен.
Осылайша, италиялық футбол тарихындағы дәстүрлі клубтардың бірі саналатын «Брешиа» қаржылық қиындықтардың салдарынан ресми түрде өмір сүруін тоқтатты.
Фото: Getty Images for Lega B