457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Qazaqstan Barysy-2026: үш чемпион және 40 палуан бас жүлде үшін күреседі

15 тамызда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен мерейтойлық XV Qazaqstan Barysy-2026 супертурнирі өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Боз кілемге еліміздің барлық өңірінен іріктелген 40 палуан шығып, бас жүлде үшін бақ сынайды. Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – әр жылдары алтын белбеуді жеңіп алған үш чемпионның бір турнирде бас қосуы.

Астана төрінде 2017 жылғы жеңімпаз Еламан Ерғалиев, 2021 жылғы чемпион Дәурен Нұралинов және 2023 жылғы бас жүлде иегері Ғалымжан Қырықбай белдеседі. Үш чемпионның қатысуы жарысқа ерекше тартыс қосып, Qazaqstan Barysy тарихындағы ең қызықты додалардың біріне айналдыруы мүмкін.

Дәурен Нұралинов пен Ғалымжан Қырықбай үшін биылғы турнир 2021 жылғы финалдан кейінгі бәсекенің жалғасына айналмақ. Ал Еламан Ерғалиев тоғыз жыл үзілістен кейін Qazaqstan Barysy жарысына қайта оралады.

Турнирдің тағы бір фавориті – +100 келі салмақтағы 2025 жылғы Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері және «Түркістан Барысы-2026» жеңімпазы Қайсар Шәмшидинов.

Жарысқа Qazaqstan Barysy турнирінің үш дүркін жүлдегері, «Қара бура» лақап атымен танымал әрі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Нұрдәулет Жарылғапов та қатысады.

Сонымен қатар биылғы додада Qazaqstan Barysy-2024 турнирінің қола жүлдегері Саят Шәмшиев, Қазақстан чемпионы және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Олжас Шынкеев өнер көрсетеді. Ол спорттағы мансабын ішкі істер органдарындағы қызметімен қатар алып жүр.

Отан қорғаушылардың намысын «Әскер Барысы-2026» турнирінің жеңімпаздары Айдар Бескемпір мен Әділ Оразбаев қорғайды. Айдар Бескемпір – Азия кубогының жеңімпазы және Азия чемпионатының жүлдегері.

Бұдан бөлек, супертурнирге өз өңірлеріндегі іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен палуандар қатысады.

Осылайша, биылғы Qazaqstan Barysy-2026 елдің ең мықты палуандарын бір арнаға тоғыстырып, қазақ күресіндегі айтулы бәсекелердің біріне айналмақ.

 

Фото: Gov