Оралда дзюдодан ел чемпионаты өтеді
Орал қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде 29 тамыз – 1 қыркүйек аралығы күндері дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, деп жазады malimsports.kz.
Додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан барлығы 600-ге жуық дзюдошы қатысады. Қазақстанның әр өңірінен жиналған үздік спортшылар ерлер мен әйелдер арасында 14 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, ел чемпионатының жүлделері үшін өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстан чемпионаты - ересектер арасындағы республикалық күнтізбедегі ең жоғары деңгейдегі жарыстардың бірі. Чемпионат қорытындысы 2027 жылы халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасының сапын жасақтау барысында маңызды рөл атқарады.
Орал татамиінде ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрген бірқатар тәжірибелі дзюдошылар да белдеседі. Олардың қатарында Мағжан Шамшадин, Бауыржан Нарбаев, Данияр Шамшаев, Ғалия Тынбаева, Мәди Амангелді, Дидар Хамза, Меруерт Сәрсенова, Аружан Ережепова, Камила Берліқаш және Ақерке Рамазанова бар.
Сонымен қатар ел біріншілігі жас спортшылар үшін тәжірибелі дзюдошылармен бәсекеге түсіп, өз мүмкіндігін көрсетуге және ұлттық құрама сапынан орын алуға жол ашатын маңызды дода болмақ.
Фото: ҚР дзюдо федерациясы
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған