Елдос Сметов Олимпиададан кейін алғаш рет халықаралық жарысқа қатысады
Қазақстан дзюдосының көшбасшысы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов ұзақ үзілістен кейін татамиге қайта оралмақ. Ол Қытайдың Циндао қаласында өтетін Гран-при турнирінде ел намысын қорғайды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл жарыс Елдос Сметов үшін 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми халықаралық дода болмақ. Олимпиададан соң тәжірибелі спортшы біраз уақыт үзіліс алып, иығына жасалған операциядан кейін қалпына келу кезеңінен өткен еді.
Қазақстан құрамасының аға бапкері Роберт Мшвидобадзе Циндаодағы турнирге тәжірибелі спортшыларды шақырды. Құрама сапында әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Абиба Әбужақынова, Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев және Азия чемпионы Алмат Әділет те бар.
Сондай-ақ халықаралық аренада өзін дәлелдеп жүрген Абылайхан Жұбаназар мен Талғат Орынбасар да команда құрамына енгізілді.
Гран-при турнирі 26-28 маусым аралығында Қытайдың Циндао қаласында өтеді. Қазақстан жанкүйерлері бұл жарыста Елдос Сметовтің жарақаттан кейінгі алғашқы өнер көрсетуін ерекше қызығушылықпен күтуде.
Фото: ҰОК
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған