Елдос Сметов IJF рейтингінде үздік жүздіктен шығып қалды
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақтағы позициясын тағы да төмендетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстандық дзюдошы бірден бес сатыға түсіп, мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік 100 спортшысының қатарынан шығып қалды. Қазір Сметовтің қоржынында 252 ұпай бар және ол 60 келіге дейінгі салмақта 114-орында тұр. Осы көрсеткішпен жапониялық Рен Йокои де дәл осы сатыны бөліседі.
Елдос Сметовтің рейтингтегі төмендеуіне оның халықаралық ресми жарыстарда ұзақ уақыт бойы өнер көрсетпеуі әсер етіп отыр. IJF ережесіне сәйкес, спортшының бұрын жинаған ұпайлары белгілі бір уақыт өткеннен кейін рейтингтен кезең-кезеңімен шегеріледі.
Сметов бұған дейін әлемдік рейтингте көш бастаған болатын. Әсіресе әлем чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін қазақстандық дзюдошы рейтингтің бірінші сатысына көтерілген еді.
Биыл жазда оның рейтингі 40-орынға дейін төмендеді. Кейін Қытайда өткен Гран-при кезеңіндегі нәтижесінен соң Сметов 30-орынға көтерілгенімен, бұл позициясын ұзақ сақтай алмады.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингтің көшін әзірбайжандық Балабей Агаев бастап тұр. Оның еншісінде 4620 ұпай бар. Екінші орында – Ресей өкілі Аюб Блиев (3880 ұпай), ал үздік үштікті тағы бір әзірбайжандық дзюдошы Ахмед Юсифов (3670 ұпай) түйіндейді.
Фото: ҰОК
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған