Секонд-хендтен табылған Уилт Чемберленнің күртесі 89,6 мың долларға сатылды
АҚШ-та секонд-хенд дүкенінен небәрі 3,07 долларға сатып алынған аңызға айналған NBA баскетболшысы Уилт Чемберленнің винтажды жаттығу күртесі Sotheby's аукционында 89,6 мың долларға сатылды, деп жазады malimsports.kz.
ESPN мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарында 19 жастағы винтажды киімдерді қайта сатумен айналысатын Куинн Браун Портленд қаласындағы Goodwill дүкенінен «Лос-Анджелес Лейкерс» клубының түстеріндегі, арқасына Chamberlain деп жазылған жаттығу күртесін тауып алған. Ол сирек кездесетін бұл бұйымды бар болғаны 3,07 долларға сатып алған.
Үйіне оралған соң Браун интернеттен осыған ұқсас күртелерді іздей бастайды. Алайда мұндай жәдігердің өте сирек кездесетінін байқап, суретін әлеуметтік желіге жариялаған. Кейін оған Sotheby's аукцион үйінің заманауи коллекциялық заттар бөлімінің басшысы Брэм Вахтер хабарласып, күртені аукционға шығаруды ұсынған.
Күртенің түпнұсқалығын SIA Photo Match компаниясы тексеріп, оның шынайы екенін растады. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл күрте 1971/72 жылғы маусымда пайдаланылған және нақты 1972 жылғы NBA финалындағы фотосуреттермен сәйкестендірілген. Дәл сол финалда Уилт Чемберлен мансабындағы екінші чемпиондық атағын жеңіп алып, «Лос-Анджелес Лейкерс» клубы Лос-Анджелеске көшкеннен кейінгі алғашқы чемпиондығына қол жеткізген.
Уилт Чемберлен - NBA тарихындағы ең ұлы баскетболшылардың бірі. Ол екі дүркін NBA чемпионы (1967, 1972), төрт мәрте тұрақты чемпионаттың ең құнды ойыншысы (MVP) атанған. Сонымен қатар, бір матчта 100 ұпай жинап, лига тарихындағы әлі күнге дейін жаңармаған рекордтың авторы саналады.
Фото: Sotheby's
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған