Мәзір
Футбол

Жеті адам қаза тапты: матчқа бара жатқан ПАОК жанкүйерлері жол апатына ұшырады

Сабина Асқарқызы 60 қаралым
Жеті адам қаза тапты: матчқа бара жатқан ПАОК жанкүйерлері жол апатына ұшырады

Грекияның ПАОК футбол клубының жанкүйерлері мінген микроавтобус Румыния аумағындағы тас жолда жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан жеті адам қаза тапты, тағы үш адам жарақат алды. Бұл туралы Skai телеарнасы хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ПАОК жанкүйерлері Салоники қаласынан Еуропа лигасының жалпы кезеңіндегі сегізінші тур аясында Францияның «Лион» клубына қарсы өтетін матчқа бара жатқан.

Жол-көлік оқиғасы микроавтобус жеңіл көлікті басып озуға әрекет жасаған сәтте болған. Қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан микроавтобус жол жиегіне шығып кеткен.

Оқиға орнынан алты адамның мәйіті табылса, тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмған.

Салоники қаласының мэрі Стелиос Ангелудис қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алғандарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Ал «Лион» және ПАОК футбол клубтары Еуропа лигасы аясындағы матч алдында жол апатынан қаза тапқан жанкүйерлерді бір минут үнсіздікпен еске алатынын хабарлады.

«Лион» клубы марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтып, өмір үшін күресіп жатқан жанкүйерлерге қолдау білдірді. Қаза тапқандарды еске алу рәсімі «Парк Олимпик Лионне» стадионында «Лион» – ПАОК кездесуі алдында өтеді», – делінген француз клубының ресми мәлімдемесінде.

Айта кетейік, «Лион» – ПАОК» кездесуі 29 қаңтарда өтеді.

Фото: Manuel Alvarez Rey / Getty Images

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар