Мәзір
Футбол

Жастар құрамасы Словакия және Молдоваға қарсы дайындықты бастады

Сабина Асқарқызы 83 қаралым
Жастар құрамасы Словакия және Молдоваға қарсы дайындықты бастады

Қазақстанның 21 жасқа дейінгі футболшылар құрамасы (U-21) 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Словакия және Молдова құрамаларына қарсы матчтарға дайындалып жатыр. Бұл туралы бас бапкердің міндетін уақытша атқарушы Андрей Ферапонтов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтты.

Бапкердің айтуынша, жастар құрамасымен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік.

«ҚФФ басшылығына сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Біз алға үлкен мақсат қойдық – жігіттерді дамыту, шеберлік пен тәжірибе беру. Бұл екі ойында мүмкіндігінше максимум ұпай жинауға тырысамыз», – деді Ферапонтов.

Оның айтуынша, басты назар ойыншылардың халықаралық тәжірибесін арттыру мен тактикалық дамуға бағытталған.

Қарсыластардың ерекшеліктері

Ферапонтов Словакия мен Молдова құрамаларын егжей-тегжейлі зерттегенін айтты.

«Олар заманауи, жылдам, комбинациялық футбол ойнайды. Екі құраманың да әр позицияда жеке дара мықты ойыншылары бар», – деді бапкер.

Елдос Ахметов бапкерлік штабта

Ферапонтовтың айтуынша, құраманың бапкерлік штабына қосылған Елдос Ахметов команда атмосферасын жақсартуға және ойыншылармен байланыс орнатуға үлкен үлес қосып жүр.

«Ол жігіттермен жеке сөйлесіп, тәжірибесімен бөліседі. Жаттығу кезінде өз үлгісімен көрсетіп, мотивация береді», – деді бас бапкер.

Жаңа есімдер: Шахмырза Адырбеков және Рауль Аллахвердиев

Ферапонтов Шахмырза Адырбековты құрамға алғаш рет шақырғанын атап өтті.

«Біз оның ойынын жақынырақ бақылап, келесі циклге дайын ойыншы ретінде дамытуға тырысамыз», – деді ол.

Сондай-ақ Испанияда ойнап жүрген Рауль Аллахвердиевтің дамуына да жоғары баға берді.

«Ол Испания чемпионатында ойнау арқылы жақсы деңгейге көтерілді. Қажетті тәжірибе жинап жатыр», – деп қосты бапкер.

Еуро-2027 іріктеуі: сенім мен үміт бар

Ферапонтов жастар құрамасының әлеуетіне сенім білдірді:

«Бізде амбициясы жоғары команда бар. Сенім мен үміт бар жерде нәтиже де болады. Команданың басты мақсаты – жоғары деңгейде ойын көрсету және финалдық кезеңге жолдама алу», – деді ол.

Қазақстан жастар құрамасы келесі матчтарын қараша айында Словакия және Молдова құрамаларына қарсы өткізеді.

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар