Мәзір
Футбол

Жарыс кезінде ауыр жарақат алған жас балуан қайтыс болды

Сабина Асқарқызы 111 қаралым
Жарыс кезінде ауыр жарақат алған жас балуан қайтыс болды

Ақмола облысының Ерейментау ауданында өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде ауыр жарақат алған жас спортшы көз жұмды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Ақтөбелік балуан Бахтияр Ахай белдесу кезінде қарсыласының әдісінен кейін басымен құлап, мойын омыртқасын сындырып алған. Ол есінен танып, дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Кейін санитарлық авиация арқылы жас спортшы Астана қаласындағы № 2 көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді. Дегенмен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, марқұмның денесі SCAT әуе компаниясының рейсімен Ақтөбеге жеткізілді. Қасында жаттықтырушысы мен туыстары болған.

«Бахтияр Ахай – Ақтөбе қаласының тумасы. Белдесу кезінде алған ауыр жарақатынан көз жұмды. Қонақасы бүгін өтеді, ал ертең жерлеу рәсімі ұйымдастырылады», – делінген басқарма хабарламасында.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 7 қыркүйекте 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен X дәстүрлі халықаралық турнирде болды. Бұл жарыс Алаш қозғалысы қайраткерлерінің рухына және Перуаш Кәрімұлының есіміне арналған болатын.

 

Фото: istockphoto.com

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар