Оралдың жаңа «Жайық» футбол клубы ел чемпионатының екінші лигасы, Оңтүстік-Батыс конференциясында чемпион атанып, бірінші лигаға жолдама иеленді, деп жазады malimsports.kz.
Жергілікті маман Вячеслав Невольников жаттықтыратын команда 39 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастап тұр. Екінші орынға жайғасқан алматылық «Жас қыранның» еншісінде 34 ұпай ғана. Осылайша, қалған екі ойынның нәтижесіне қарамастан, «Жайықтың» бірінші лигаға шығуы ресми түрде белгілі болды.
17 қыркүйекте оралдықтар өз алаңында «Ордабасы жастарынан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Алдағы кездесулерде «Жайық» 24 қыркүйекте сырт алаңда «Каспий жастарымен», ал 1 қазан күні «Ақжайық» стадионында «Жас қыранмен» ойнап, маусымды қорытындылайды.
Команда капитаны Бауыржан Омаров жанкүйерлерге алғыс білдіріп, маусымның аяқталмағанын атап өтті: «Ордабасы жастарымен өткен матч біз үшін өте ауыр болды. Өз алаңымызда жеңіліп қалдық. Бірақ жанкүйерлеріміз көп жиналып, қолдау көрсетті. Оларға үлкен рақмет. Әлі екі ойынымыз бар. Біз чемпион атансақ та, біріншілік әлі жалғасуда. Бар күшімізді салып, жеңіске ұмтылуды жалғастырамыз. Бұл маусымда көп еңбектендік, алда алар асуларымыз бар деп сенемін», - деді ол.
Айта кетейік, биыл жылдың басында 1968 жылдан бері тарихы бар «Ақжайық» футбол клубы таратылған еді. Оның орнына жаңадан құрылған «Жайық» клубы қысқа мерзімде жанкүйерлердің үмітін ақтап, Бірінші лигаға шығып отыр.