Юсуп Шадиев: Шетелдік бапкер Қазақстан футболын дамытуға мүдделі емес
Қазақстан футболының ардагері Юсуп Шадиев ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне Джон ван ’т Схиптің тағайындалуына қатысты пікір білдірді. Ол ұлттық команданы басқаруға отандық мамандарды тарту керек деп есептейді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Sports.kz сайтына берген сұхбатында Шадиев шетелдік жаттықтырушылардың басты мақсаты Қазақстан футболын дамыту емес екенін айтып, олардың елге көбіне қаржылық себептермен келетінін сынға алды.
Ардагер футболшының пікірінше, Қазақстанда кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын отандық жаттықтырушылар жеткілікті. Алайда ел футболындағы негізгі мәселе – жоғары деңгейдегі ойыншылардың аздығы.
Шадиев өз сөзінде футболға деген көзқарасқа қатысты тағы бір мысал келтірді. Оның айтуынша, «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы маңызды матчы америкалық рэпердің концертіне байланысты басқа қалаға ауыстырылған. Ол мұндай шешімді футболға деген немқұрайлы көзқарастың көрінісі деп бағалады.
Қазақстан құрамасына шетелдік маман не үшін қажет? Бізде Талғат Байсуфинов болды. Ол жұмысын жақсы атқарып, нәтижеге қол жеткізіп жүрген еді. Оны неге қызметтен босату керек болды? Оның орнына басқа қазақстандық бапкерді тағайындауға болар еді. Елімізде білікті жаттықтырушылар жеткілікті, мәселе – жоғары деңгейлі футболшылардың тапшылығында. «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы ойыны америкалық рэпердің концертіне байланысты басқа қалаға ауыстырылды. Мұндай жағдайда футболға деген көзқарас туралы не айтуға болады? Шетелдік маман келеді, ақшасын табады да, кетеді. Ал қазақстандық футбол сол күйінде қалады, – деді Юсуп Шадиев.
Фото: kazfootball.kz
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған