Холанд Роналдудың АПЛ-дағы рекордың жаңартты
Англия Премьер-лигасының (АПЛ) 17-туры аясында «Манчестер Сити» өз алаңында «Вест Хэмді» 3:0 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесуде Эрлинг Холанд дубль авторы атанды. Ол 5-минутта және 69-минутта гол соқты. Ал тағы бір голды 38-минутта Тиджани Рейндерс өз еншісіне жазды.
Бұл матчтан кейін 25 жастағы норвегиялық шабуылшы Эрлинг Холандтың АПЛ-дағы гол саны 104-ке жетті. Осы көрсеткішпен ол португалиялық жұлдыз Криштиану Роналдуды (103 гол) басып озды. Айта кетерлігі, Холанд бұл нәтижеге небәрі 122 матчта қол жеткізсе, Роналдуға 236 ойын қажет болған.
АПЛ тарихындағы ең көп гол соққан футболшы рекорды әзірге Алан Ширерге тиесілі - 260 гол.
Осы жеңістің арқасында қатарынан бесінші матчта жеңіске жеткен «Манчестер Сити» 37 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Бір ойыны кем «Арсенал» көшбасшыдан бір ұпайға қалып келеді. Ал «Вест Хэм» 13 ұпаймен 18-орында тұр.
Келесі турда 27 желтоқсан күні «Манчестер Сити» сырт алаңда «Ноттингем Форестпен» кездессе, «Вест Хэм» өз үйінде «Фулхэмді» қабылдайды.
Фото: Getty Images
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған