Хаби Алонсо: "Қайрат" Чемпиондар лигасында ойнауға толық лайықты

Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо Чемпиондар лигасының екінші турында алматылық «Қайратты» 5:0 есебімен жеңгеннен кейін матчқа қатысты пікір білдірді.
Испан маманы Алматыдағы ерекше атмосфераны атап өтті:
«Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнауға толық лайық екенін дәлелдеді. Біз мұны Алматыға келгенде анық көрдік. Жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды, стадиондағы атмосфера тамаша», - деді ол.
Алонсо қарсыластың алғашқы минуттардағы белсенділігі күтпеген жағдай болғанын жасырмады:
«Қайрат» матчты өте қарқынды бастады. Әуелде бізге ыңғайсыздау болды. Бірақ кейіннен ойынды өз бақылауымызға алып, комбинациялық футбол көрсетуге тырыстық. Әсіресе Арда Гүлер прессингтен шығуға үлкен үлес қосты. Қайраттың белсенділігі бізді таңғалдырды», — деді бас бапкер.
Сонымен қатар ол Килиан Мбаппенің шеберлігіне тоқталды. Француз шабуылшысы үш гол соғып, хет-трик авторы атанды:
«Мбаппе өте тиімді әрі аяусыз ойыншы. Біз оған көбірек мүмкіндік жасап беруіміз керек, сонда ол тапсырманы жеңіл орындайды. Мен Килианға өте ризамын. Бұл тек голдары үшін емес. Ол жан-жақты, көшбасшылық қасиеті бар, жастармен жақсы байланыс орнатады», — деді Алонсо.
Бұл кездесуден кейін Мбаппе бес голмен Чемпиондар лигасының сұрмергендер көшін бастады.
Алонсо ойыншылардың жүктемесін дұрыс бөлуге де ерекше тоқталды:
«Басты мақсатымыз – жеңіс еді. Жақсы бастама жасадық: алты ұпайдың алтауын алып отырмыз. Көп гол соқтық. Футболшылар сабырлы ойнады. Вальверде әрдайым дайын. Егер бүгін жағдай басқаша болғанда, біз оны пайдаланар едік. Ең бастысы – ойын уақытын дұрыс үлестіру», — деп қорытындылады Хаби Алонсо.
Фото:"Реал" ФК


Ең көп оқылған
