Үндістанда Мессимен кездесу тәртіпсіздікке ұласты
Үндістанда аргентиналық футбол жұлдызы, сегіз дүркін «Алтын доп» иегері Лионель Мессимен өтетін кездесу жанкүйерлердің жаппай наразылығымен аяқталды.
India Today мәліметінше, іс-шараның нашар ұйымдастырылуына байланысты Калькутта қаласындағы стадионда тәртіпсіздік орын алған.
Лионель Месси елге коммерциялық тур аясында келген. Оны көру үшін Калькуттадағы Vivekananda Yuvabharati Salt Lake Stadium аренасына ондаған мың жанкүйер жиналған. Алайда ұйымдастырушылық олқылықтар мен жанкүйерлер күткен бағдарламаның толық орындалмауы көпшіліктің ашу-ызасын туғызған.
Айта кетейік, кездесуге арналған билеттердің ең төменгі бағасы 5 мың үнді рупийін (шамамен 55 АҚШ доллары) құраған. Соған қарамастан, шара жоспарланған деңгейде өтпей, стадион аумағында тәртіпсіздікке әкелген.
Куәгерлердің айтуынша, алдын ала жоспарланған құрмет шеңбері өтпеген. Месси алаңға шыққан сәттен бастап саясаткерлердің, шенеуніктердің, танымал тұлғалардың және олардың отбасы мүшелерінің ортасында қалып қойған. Сонымен қатар, журналистердің шамадан тыс көп болуы қауіпсіздік қызметін футболшыны жанкүйерлерден оқшаулауға мәжбүр еткен.
Мессидің стадионда ұзақ болмайтыны туралы ақпарат тарағаннан кейін жағдай ушыға түскен. Аргентиналық жұлдыз алаңда бар болғаны 10 минут қана болып, кеткен сәтте жанкүйерлер бөтелкелер лақтырып, жарнамалық тақталарды бүлдірген. Қауіпсіздік қызметі тәртіпті қалпына келтіру үшін дереу араласқан.
Оқиғадан кейін Лионель Месси күшейтілген күзетпен стадионнан шығарылды. Кейін Батыс Бенгалия штатының бас министрі Мамата Банерджи болған жағдай үшін жанкүйерлерден де, футболшының өзінен де кешірім сұрап, оқиғаға байланысты арнайы тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Лионель Месси «барлық уақыттың үздік ойыншысы» (GOAT) атты тур аясында Үндістанның Хайдарабад, Мумбаи және Дели қалаларына да бармақ. Бұл сапарда оны «Интер Майами» клубындағы әріптестері Луис Суарес пен Родриго де Пауль ертіп жүреді.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған